Пайғамбардай біз де сабыр қылайық
Пайғамбардай біз де сабыр қылайық

Бисмиллаһир рахманир рахим

Анасының құрсағында жатқанда,
Пайғамбарым әкесінен айырылған,
Алты жасқа міне толдым дегенде,
Анасы да ажал құшты уайымнан.

Пайғамбарым бұл өмірден қайтқанша,
Неше түрлі сынақ келді Алладан,
Ұрпағының көбі жастай қайтса да,
Тіл тигізбей, мойынсұнды Аллаға.

Пайғамбарға берген бұндай сынақтар,
Кей адамға түссе сабыр қылмайды,
Алла саған не жаздым, деп ойбайлап,
Жаратқанға тіл тигізіп жылайды.

Ажал бізге еш айтпастан келеді,
Тағдырды Алла іште жазып береді,
Шын мұсылман мойынсұнып Аллаға,
Сынағына сабыр сақтап көнеді.

Құран, хадис Пайғамбарға бергені,
Бізді тура жолға салсын деп еді,
Жаратқанын ұмыт қылған құлдарға,
Тозақ барын ұғындырсын деп еді.

Бес парызды орындауды бұйырып,
О дүниеге дайын болсын деп еді,
Жын-шайтанның сыбырына көнсеңіз,
Тозақ отқа тоғытамын деген-ді.

Ата-анамыз, туыс-бауыр қайтқанда,
Қайғырсақ та, қиналсақ та шыдайық,
Ойбай салып, Аллаға тіл тигізбей,
Ішімізден, Алла кеш! деп жылайық.

Алла берер сынақтары көп болар,
Тек жақсылық бере гөр, деп сұрайық,
Бұйрықтарын еш бұлжытпай орындап,
Пайғамбардай біз де сабыр қылайық.

Есейұлы Нұрболат.
04.02.2015ж.

бала, ана, әке, пайғамбар, Алла, туыс
НұрболатНұрболат
2 жыл бұрын 464
0 пікір